«Сәлем, мен мұғаліммін»

Қызылорда облысында тұратын мұғалім дәрісте жасанды интеллектіні қалай пайдаланып жүр?

28 жастағы Гүлнәр Серікболова Қызылорда облысының Тереңөзек ауылында тұрады. Қазақ мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ береді. Жұмыста жасанды интеллектіні белсенді қолданып, Tik-Tok аккаунтын жүргізіп, өзге педагогтарға да көмектеседі.

«Власть» inDrive компаниясымен бірігіп, BilimFaces жобасын бастады. Жоба қазақстандық ұстаздарға, жаңа технологияның арқасында сабақ өткізуге деген көзқарастың және жалпы мамандықтың өзгеріп жатқанына арналады. Бұл жобадағы алғашқы кейіпкер — мұғалім Гүлнәр Серікболова.

«Ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің де қолынан іс келетінін көрсеткім келді»

Тереңөзек – Сырдария ауданына қарасты ауыл, Қызылордадан жарты сағаттық жерде орналасқан, мұнда 11 мыңнан аса адам тұрады. Ауыл орталығына тегіс тас төселген, үстіне шөп шықпайды – жаздыгүні мұндағы ауа райы 50 градусқа дейін жетеді.

Гүлнәр Серікболова Таразда мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Кейінірек отбасы Тереңөзекке қоныс аударған. Бұл жерде төрт мектеп бар, соның бірі – №36 мектепте Гүлнәрдың анасы Айгүл Кушерова информатика пәнінен сабақ береді. Ал өзі №35 мектепте жұмыс істейді. Ол бала күнінен мұғалім болғысы келген. Ал анасы қызы дәрігер болса деп армандаған.

Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейі 100 жылдан бері жұмыс істеп тұр, кіреберісте екі қатар етіп оқушылар көлігі саналатын велосипедтер тізілген. Қоңырауға қосыла музыка үні естіледі, ал АӘД пәнінен беретін ағай жасөспірімдерді далаға шығарып барады. Балалар ағайдың «Бiр, екi, үш» деген ырғақты айғайына қосылып, сап түзеп жүріп барады.

Гүлнәр Серікболова 2-7 сынып оқушыларына орыс тілінен сабақ береді. Әр сыныпта орташа есеппен 20 оқушы оқиды.

Бұл мектепте 2017 жылдан бері қызмет етіп келеді, арасында қысқа үзіліс те болған – жақында ол Қызылордадағы жеке меншік мектепте бір жыл меңгеруші болып жұмыс істеп көрді.

Қызылордаға келуіне TikTok себеп болды. Гүлнәр туыстары үшін Instagram, ал жұмысы үшін TikTok желісін қолданатынын айтып күліп алды.

Бірнеше жыл бұрын Гүлнәр аздап қорқақтаса да, Tiktok-қа видео түсіріп сала бастайды: «Кабинетім аса керемет жабдықталмаған, артық салмағым бар деген қорқыныш болды, сонымен қатар сыннан қорықтым, бірақ кейін өзімді жеңіп, сыныпта іс-шараларды қалай өткізетінімізді түсіріп салдым. Видео ақырындап қаралым жинай бастады. Педагог ретінде жеке брендім болғанын қалап, аккаунтыма “Привет, я учитель” (Сәлем, мен мұғаліммін) деген атау бердім. Түрлі байқауға қатысатын болған соң, үнемі сабақ өткізу тәсілімді көрсетуімді сұрайды. Сол кезде аккаунтымды көрсетемін, ол жерде тек сабақ барысында түсірілген видеолар емес, әдістемелер де бар. Ауыл мұғалімдерінің де қолынан іс келетінін, олардың да бірдеңе істей алатынын көрсеткім келді. Алғашында өзге мектептерде істейтін әріптестерім: “Сіз шынымен ауыл мектебінде істейсіз бе? Біз сізді Алматыдан немесе Астанадан деп ойлап едік, ауыл мұғалімі TikTok-та блог жүргізе бастайды деп ойламаппыз” дейтін. Ал қазір TikTok бәрінде бар».

Гүлнәр Серікболова

Каналын жүргізе бастағанда әріптестері түсінбей қала ма деп уайымдағанын жасырмады. Алайда керісінше, бәрі қолдаған.

Аудиторияға «өткен» алғашқы видеосы Гүлнәрдың әлі есінде. Мұғалімдердің күнделікті өмірі жайлы күлкілі видео болған. Кешке жүктеп, ал таңертең видеоны танымал паблик жариялағанын, қаралым саны да біршама боп қалғанын көрген.

«Анам хабарласып: “Видеоны өшір! Осы үшін саған сөз келеді” деді. Кейін қарасам, видеоны басқа паблик те жариялапты. Видеоны өшірмедім, ал қазір анам: “Бәрін дұрыс істедің, өшірудің қажеті жоқ екен, қазір саған сол видео көмектесіп жатыр” деді», – деп есіне алды Гүлнәр.

Оның видеоларын ТМД елдері – Ресей, Беларусь, Өзбекстан қолданушылары көп көреді, педагогтар әдістемені түсіндіріп, сабақтарында қолдану үшін материалдарды жіберуін сұрайды.

Гүлнәр семинар өткізу үшін Қызылордаға барған, сонда қонақтардың бірі оны TikTok-тың арқасында танып қояды. «Идеяларым жекеменшік мектеп директоры Әлия Алпысоваға ұнады. Жақсы жалақы, тұратын жер ұсынып, меңгеруші қызметіне шақырды. Ата-анам қарсы болып, жібергісі келмеді. Анам мен әжем қалада ешкімді танымайсың, алдап кетеді, сөйтіп соңында бармағыңды тістеп дымсыз қаласың деді. Бірақ жүрегімді тыңдадым, бұл мен үшін өсу жолындағы үлкен қадам еді».

Бір жыл өткен соң отбасылық жағдайларға байланысты Тереңөзекке қайтуға тура келеді. Қайтадан мектепке жұмысқа тұру үшін Гүлнәр байқауға қатысқан.

«Біз қазір ЖИ қолдануды үйренбесек, артта қаламыз»

Бір жылдары информатика сабағында анасы Гүлнәрға үш қояды, ал Гүлнәр қазір осыны есіне алып күледі. Екі жыл бұрын ол жұмыста жасанды интеллектіні белсенді қолдана бастайды. Қазір бірнеше қолданбаға ай сайынғы ақылы жазылым рәсімдеп алған.

«Ойланып, балаларға мынадай тапсырма беріп көрдім: бас кейіпкерге сипаттама берілетін әдеби мәтінді талдаймыз. Алдымен ЖИ арқылы оның образын құрастырамыз, мәтінді оқып болған соң, ақпаратты талдап, біздің дейінгі және кейінгі болжамымыз сәйкес келе ме, жоқ па, соны салыстырамыз. ЖИ менің сабағымда осылай пайда болды. Қазір Chat GPT-ді қолданамын. Біз ол арқылы сабақ барысында немесе үзіліс кезінде иә/жоқ ойынын ойнаймыз. ЖИ-дан қорықпаймыз, оны қолдануымыз керек, себебі қазір үйренбесек, кейін артта қаламыз».

Ол іргелі білімнің маңызы жайлы да айта өтті: «Іргетас іргетас болып қала береді, біз жай ғана жаңа терезе, есік орнатамыз. Басты назар оқулықтар мен мұғалімдеріміздің тәжірибесінде болуы керек. Білім маңызды, ал ақпаратты есте сақтау үшін ЖИ, ойындар мен өзге де әдістерді қолданамыз».

14:00-де Гүлнәрдың бірінші сабағы басталады – кабинетте оны тып-тыныш қана 3-сынып оқушылары күтіп отыр. «Әдетте бұл топ әлдеқайда белсенді еді, бүгін ұялып отыр», — деп күлді Гүлнәр.

Бірнеше оқушыны тақтаға шақырып, бірнеше сөйлем жаздырды. Сыныпта отырған қалған оқушылар да дәптерлеріне сол сөйлемдерді жазды. Тапсырманы бірінші орындаған адамға қосымша балл беріледі.

«Балаларға мотивация беру үшін былай істеймін: олар оқу жылы аяқталғанша барынша көп балл жинауы керек. Тоқсан аяқталғанда күнделіктерін жинап алып, балдарын есептеймін. 7 балдан 10 балға дейін – 1 теңге. Аукцион жасап, оларға ұнайтын түрлі затты, тәттілерді партаға қойып, бағасын айтамын: 10 теңге, 20 теңге. Мысалы, тоқсан ішінде 50 теңге жинаған болсаң, осы сомаға қазір партадан бірдеңе ала аласың».

Балалар шулай бастады, сонда Гүлнәр ән қосуды ұсынып, оқушылардың қандай ән тыңдағысы келетінін нақтылап алды. «Дарите женщинам цветы!» – деді сыныптағылар.

Ол әнді қосып, мұның балаларға тынышталып, зейін қоюға көмектесетінін айтты. Шынымен-ақ, балалар дәптеріне көз салып, қалам жүгірте бастады. Гүлнәр сыныптағы көңіл-күйді қалай анықтайтынын түсіндірді.

«Балалардың көңіл-күйі жоқ кездер болады. Бәлкім бұл бірінші сабақ болар, ұйқысы қанбаған болуы мүмкін, болмаса, мысалы, жай ғана таңғы ас ішпеген болуы мүмкін, мен де соған қарай әрекет етемін. Бес минуттық ширатудан бастап, олар біраз әңгімелессін деп, ЖИ да қосып жібере аламын. Болмаса, мұны сабақ барысында да жасай аламын. Бұл көп уақытты алмайды, небәрі бірнеше минут қажет».

Мұғалімнің жұмысы жайлы Гүлнәр былай дейді:

«Ең әуелі біз оларға бағыт беріп, қай салада мықты екенін түсінуге көмектесуіміз керек шығар. Балаларға үнемі барлық пән бойынша үздік болу міндетті емес екенін айтып отырамын. “Барлығың ізденімпазсың, сендер төрт сағатта төрт қабілетті меңгеріп шыға аласыңдар. Математиканы да түсінесіңдер, ағылшын тілін де, орысшаны да ұғасыңдар” деймін. Ал мен тек өз пәнім бойынша мықтымын. Мен оларға сенім, қолдау беруім керек, жаңа ұрпақ үшін бұл өте маңызды».

«Желтоқсанда осы жаққа оралғанда маған бесінші сыныпты берді. Бұрын олармен жұмыс істемегенмін, олар гипербелсенді, мені тыңдамайды, жүгіріп ойнайды. Ұрса бастағаннан жылай жөнеледі. Біз мектепте оқығанда бәрін бетімізге айтатын, мұғалім анаңа бір қоңырау шалса, бітті, кешке үйде бір әңгіме болатынын біліп тұратынбыз. Ал біз байыппен байланыс құрамыз, “Иә, сені түсінемін, ұқтым” дейміз. Әркімнің өз әдісі бар, ал мен олардың менен қорықпағанын қалаймын. Бірақ субординация сақтаймыз. Олармен әзілдесе де аламын, ұрсатын кездер де болады, яғни сыйға – сый, сыраға – бал», – дейді ол.

Гүлнәр Серікболова алдын ала апталық сабақ жоспарын әзірлейді. Меңгеруші сол жоспарды тексеріп, мақсатқа сәйкестігін тексереді:

«Бастысы, олар мені сабақ кезінде түсінсе деймін. Сондықтан тым құрыса бір сөз есіңде қалсын, маған тым құрыса бір орысша сөз айт деймін. Біз ауылдық жердегі қазақ мектебінде істейміз ғой, орыс тілі аса дамымаған. Жақсы, сен орыс тілі бойынша ең үздік емес шығарсың, бірақ сен спортта немесе басқа салада мықтырақсың, мен сені бағалаймын және құрметтеймін, бастысы бұл өмірде сенің де өз орның бар. Менің пәнімді жеткілікті деңгейде білмейтінің аса қорқынышты дүние емес, бірге үйренеміз деймін».

Гүлнәр Серікболова ата-анасының үйіне жақын маңда әжесімен және қызымен тұрады. Ол күнде дерлік кешке отырып, анасымен жұмыс жайын талқылайды. Анасы Айгүл Кушерова қаңтардан бері мектепте жасанды интеллект бойынша сабақ береді, балалармен бірге бөтелке жинауға бағдарламаланған Валлибек(ВАЛЛИ-И мультфильміне сілтеме) дейтін робот құрастырды. Сонымен қатар жоғалып бара жатқан балық түрлері бойынша интерактив карта әзірледі.

Айгүл Кушерова

«Жұмыс аяқталған соң үнемі күн қалай өткенін талқылаймыз, дұрыс істеген-істемегенім жайлы сұраймын, мен үшін қызымның жұмысыма қатысты пікірі маңызды. Расында, ұстаздан шәкірт озды», – дейді Айгүл Кушерова.

Сиқырлы пони мінген қыз

Гүлнәр Серікболова оқушыларымен бірге үйден оқитын балаларға арнап ерекше жоба ойлап тапқан. Тереңөзекте Сандуғаш деген 13 жасар қыз тұрады. Ол БЦП кесірінен мектепке бара алмайды. Гүлнәр Серікболова шәкірті Нұрай Сәдуақаспен бірге ЖИ көмегімен Сандуғаштың суреті бар боямақ дайындап шыққан, кейін кітап жазып, Сандуғашты бас кейіпкер етуді ұсынған.

«Сандуғаш маған: “Гүлнәр Серікболқызы, мен жүре алмаймын ғой, оны кітапта қалай жазасыздар?” деді. Біз Сандуғаш мініп, ұшып жүре алатын бір жануар ойлап табуды шештік. Ол “Шректегі” есек пен сиқырлы пониді біріктіруімізді сұрады. Кітапта ханшайым рөліндегі Сандуғаш жақын досын құтқарады. Бұл кітапты оның достары, мектеп оқушылары оқып, Сандуғашты түсіне бастайды. Техқызметшіден бастап, директорға дейін мектептің әр қызметкері жайлы осындай кітап жазсақ, мұғалімге деген қорқыныш, жеккөрінішті болу қорқынышы да қалмайды. Мысалы, біз осылайша гипербелсенді немесе тым ашушаң баланы да түсіне аламыз. Жобаның мақсаты – әр бала көзге көрініп, тұлға бола алуына назар аудару».

Бұл кітаптар үш тілде жазылған. Балалар кім болғысы келетінін және кітап жанрын өздері таңдайды. Мысалы, Аружан деген оқушы табиғатты қорғайтын ханшайым болғысы келген.

Кітаптарды жоғары сынып оқушылары мен психолог бірге жазады. Қазір олар жобаның ауқымын кеңейткісі келеді. Жетекші 9-сынып оқушысы Нұрай Сәдуақас. Оған Гүлнәр әуелі бастауыш сыныпта, кейін көшбасшылық мектебінде сабақ берген. Нұрай Гүлнәр Серікболова сабақ берсе деп армандайтын бала көп екенін айтады. Олар да Гүлнәрдың TikTok видеоларына түскісі келеді. Ал Нұрай әнші болуды армандайды, ол музыканттар отбасынан шыққан әрі бірнеше музыкалық аспапты меңгерген.

Нұрай Сәдуақас

Бұл кітап жобасына «StoryCraft ЖИ» деген атау берілген. Жоба биыл қаңтарда өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.

Жобаны Гүлнәр хабарласуды жөн көрген ресейлік компания қолдаған – олар ай сайын жарияланымға бір жаңа кітап әзірлейді: суретін салып, беттейді.

«Оларға Instagram арқылы жаздым, жобамызды ұнатты. Олар бізді, ауылымыз туралы білмейді, өздері Мәскеуде отырып, кітаптарымызды тегін әзірлеп береді». Кітаптың қажетті данасын ауылдық баспаханадан шығарады.

«Горное солнце» лагері

«Мен Алматыға көшкім келеді. Бұл менің арманым, – дейді Гүлнәр. – Тау, салқын ауа райы, жаңбыр. Ортамды ауыстырып жүре беруге үйреніп кеткенмін, одан қорықпаймын: мектепті, ұжымды ауыстыруды айтамын. Мен, бәлкім, тез бейімделетін шығармын. Бұрын өзгерістен қорқатынмын, қазір қорқыныш жоқ».

Жыл сайын ол жазғы лагерьде жұмыс істеу үшін Алматыға барады. Анасы жазғы демалыста үйде кондиционер қосып, демалып жататынын, бірақ қызына үнемі қозғалыс керек екенін айтып күлді. Былтыр Серікболова «Пионер» лагерінде жұмыс істеген – «ол жақта жазда қар ерімейді, бұл бір керемет». Өткен жылы «Горное солнце» лагерінде істеген.

Әдетте ол сәуірден бастап Алматыдағы лагерьлерден жұмыс іздей бастайды және TikTok парақшасына сілтемесі көрсетілген түйіндемесін жібереді. Мұғалім әлеуметтік желіден көретін пайдасы көп екенін атап өтті, әйтсе де монетизация қоспаған. Ол сабаққа арнап жасаған қосымша материалдарын сатады, басқа педагогтарға түрлі жоба, сайыстарға қатысуға көмектеседі.

Сондай-ақ, ерікті ретінде сотта аудармашы болып та істейді. Гүлнәр істі болып жатқан танысының сот отырысына қатысуға мәжбүр болғанын айта бастағаны сол еді, телефонына хат келді: бүгін кешке ол зумбадан дәріс өткізеді. Әдетте таңертең Қызылордадағы жаттығу залына барады — таксимен 30 минутта жетеді, ал кешке ауылда зумбаға барады. Ал бүгін тренерді алмастырмақшы.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть

Қандай жаңалық бар?

Что нового?

Новости Қандай жаңалық бар?\Что нового? - освещение широкого спектра событий, происходящих в Казахстане, Центральной Азии, СНГ, странах ближнего и дальнего зарубежья.

Newsletter