Семей қаласының 65 жастағы тұрғынынан травматикалық қару тәркіленді
Іздестіру барысында тәртіп сақшылары қаруды тұрғылықты жерінен тапты.
Абай облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлеріне Семей қаласында тұратын азаматтың заңмен тыйым салынған заттарды сақтап отырғаны жөнінде жедел ақпарат келіп түсті.
Аталған ақпаратты тексеру барысында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтады – ол 65 жастағы семейлік тұрғын болып шықты. Тұрғылықты жерін тінту кезінде ас үй пышағына ұқсас зат пен травматикалық тапанша анықталып, тәркіленді.
Сараптама нәтижесінде аталған қару — 18х45 мм калибрлі, зауытта жасалған, атуға жарамды "ОСА" кешенінің "ПБ-4" моделіндегі травматикалық тапанша екені белгілі болды. Сонымен қатар, дәл осы калибрге тиесілі екі оқ-дәрі де тәркіленіп, олардың да пайдалануға жарамды екені анықталды.
Аталған факті бойынша қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Сурет: Абай облысы ПД баспасөз қызметі