Қазақстан жолдары интернетпен қамтылады
Республикалық маңыздағы жолдарда интернет желісін іске қосу 126 млрд теңгеден аса қаражатты талап етуі мүмкін. Бұл туралы LS-ке цифрлық даму министрлігінде мәлімдеді.
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2027 жылдың соңына дейін еліміздің автожолдары бойында 487 антенна – мәстілік құрылым (АМҚ) орнатылады.
Жобаның алғашқы кезеңінде республикалық маңыздағы жолдарға 244 АМҚ салынады. Ал екінші кезеңде облыстық трассалар бойынан орындар белгіленіп, тағы 243 құрылғы орнатылады.
Бұл инфрақұрылымды құрудың жалпы құны шамамен 126,5 млрд теңгені құрайды.
Министрлік республикалық бюджеттің шығындарын оңтайландыру мақсатында жобаны инвестициялық келісім аясында жүзеге асыруды ұсынғанын атап өтті.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанның ауыл тұрғындарын кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін Халықаралық қайта құру және даму банкінен (ХҚДБ) қаржы тартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді.