Жасанды интеллект ағылшын тілін меңгеруге деген қажеттілікті жоя ма
Мамандар жасанды интеллект еш уақытта орнын баса алмайтын дағдыларды атады.
Жасанды интеллектінің жедел дамуы жаһандық компаниялардағы жұмыс тәсілдерін түбегейлі өзгертіп жатыр. Автоматты аударма, мәтін жазуға арналған ЖИ-көмекшілер дыбысты тану және жедел аудару құралдары бұрын адам күшімен атқарылып келген көптеген функцияны алмастырды. Бұл ретте жасанды интеллект ағылшын тілін меңгерген мамандарды жұмыссыз қалдыра ма және ағылшын тілін меңгеруге деген қажеттілікті жоя ма? Бұл сұрақтардың жауабы British Council таратқан баспасөз хабарламасында айтылған.
Сарапшылардың пікірінше, технологиялардың дамуына қарамастан, ағылшын тілі өз маңызын жоғалтпайды. Керісінше, жаһандану күшейген сайын бұл тіл стратегиялық артықшылық ретінде бұрынғыдан да маңызды бола түсіп отыр.
"Қазақстан халықаралық корпоративтік экожүйеде маңызды орынға ие. Ел шетелдік трансұлттық компаниялар үшін тартымды алаңға айналумен қатар, сыртқы инвестициялардың да маңызды көзіне айналды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда шетелдік қатысуы бар 44,6 мың компания жұмыс істейді. Олар сауда, құрылыс, қызмет көрсету және технология сияқты түрлі салаларда ондаған миллиард доллар инвестиция құйып, мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр", – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін компаниялар географиялық, мәдени және уақыттық кедергілерді еңсеруге мәжбүр. Жаһандық жобаларды басқару, логистика мен клиенттермен жұмыс үздіксіз байланысқа негізделеді. Бұл жағдайда ортақ тілдің болуы аса маңызды.
British Council-дің "The Future of English: Global Perspectives" есебіне сәйкес, ағылшын тілі бизнес, ғылым және технология салаларында негізгі халықаралық қарым-қатынас құралы болып қала береді. Мамандардың айтуынша, ағылшын тілі тек ақпарат алмасу құралы емес, ол келіссөз жүргізу, сенім қалыптастыру және көпмәдениетті ортада тиімді жұмыс істеу үшін қажет.
"Жасанды интеллект тілдермен жұмыс істеуді айтарлықтай жеңілдетті. Қазіргі таңда ЖИ көмегімен құжаттарды аудару, халықаралық кездесулер өткізу және мәтіндерді жетілдіру әлдеқайда оңай. British Council-дің "Artificial Intelligence and English Language Teaching" зерттеуінде мұғалімдердің ЖИ-ды оқу материалдарын әзірлеу мен тіл үйретуде белсенді қолданатыны атап өтіледі. Дегенмен, зерттеулер ЖИ-дың шектеулері бар екенін көрсетеді. Ол тілдің контекстін, мәдени астарын, юмор мен иронияны әрдайым дұрыс жеткізе алмайды. Нәтижесінде грамматикалық тұрғыда дұрыс болғанымен, мәтіннің шынайы мағынасы немесе эмоциялық реңкі жоғалуы мүмкін", – дейді мамандар
Халықаралық компаниялар үшін бұл аса маңызды. Себебі іскерлік қарым-қатынас тек дәлдікке емес, сонымен қатар сенім мен өзара түсіністікке негізделеді.
Сарапшылардың пікірінше, шет тілін меңгеру тек тілдік емес, бірқатар маңызды қабілеттерді дамытады:
- Тиімді командалық жұмыс – ортақ тіл түсініспеушіліктерді азайтып, қарым-қатынасты жеңілдетеді.
- Мәдени құзыреттілік – басқа мәдениеттерді түсіну халықаралық келіссөздерде шешуші рөл атқарады.
- Сенім мен бедел – серіктестер мен клиенттер тіл білуді құрметтің белгісі ретінде қабылдайды.
- Көшбасшылық қабілет – басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жоғары деңгейдегі коммуникация қажет.
British Council дерегіне сәйкес, ағылшын тілі мұғалімдерінің шамамен 60 пайызы ЖИ тіл үйрену қажеттілігін толық жояды деген пікірмен келіспейді.
Сарапшылардың қорытындысы бойынша, жасанды интеллект ағылшын тілін алмастырмайды, керісінше оның рөлін өзгертеді. ЖИ құралдары жұмысты жеңілдетіп, өнімділікті арттырғанымен, халықаралық ынтымақтастық үшін ортақ тілдің маңызы сақталады.
Ағылшын тілі сенім қалыптастыру, көшбасшылық көрсету, мәдени түсіністік орнату және тиімді шешім қабылдау үшін әлі де негізгі құрал болып қала береді. Демек, технологиялар тілдің орнын баспайды, қайта оны жаңа деңгейге көтереді.
Оқи отырыңыз:
Оқушылар мектепте ағылшын тілін оқыса да, неге еркін сөйлеп кетпейді? Сарапшы жауабы
Орта Азияда ағылшын тілін оқытуды реформалау: AELLCA екі жылда қандай нәтиже берді


